Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Түркістан облысы

Жедел жәрдем кешігіп жатқанда не істеу керек?

Жедел жәрдем кешігіп жатқанда не істеу керек?

Ет пен сүйектен жаралған соң адамның сырқаттанбай тұрмайтыны белгілі. Шыбын жаның шырқырағанда ең алдымен есіңе жедел жәрдем түседі. Әрине, бұл да болса адамдардың соған деген сенімі болса керек. Сол сенімге селкеу түсірмей, халыққа сапалы қызмет ету парыз. Биыл Денсаулық сақтау министрінің бұйрығында жедел жәржем бригадасына түскен қоңыраудың шұғылдылығына байланысты келіп жету уақыты да айқын көрсетілді.

«103» қызметіне өтініш білдіргенде науқастың аты-жөні, жасы, нақты мекенжайы туралы ақпарат толыққанды берілуі керек. Сондай-ақ, жедел медициналық жәрдем қызметінің диспетчерімен қажетті бригада саласын (кардиологиялық, педиатриялық, фельшерлік) анықтау үшін қойылған барлық сауалдарға дұрыс жауап берген жөн. Яғни, жедел жәрдем бригадасы уақытына қарай 10 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта баратын шұғыл 4 категорияға бөлінеді. Науқастың өміріне тікелей қауіп төніп, жедел түрде медициналық көмек қажет болса оған бригада 10 минуттың ішінде қалай да жетуі тиіс. Ол бірінші санатқа жатады. Өміріне қауіп төнген екінші санаттағыларға да ары кеткенде 15 минутта жету міндеті жүктеліп отыр. Пациент денсаулығына әлеуетті қауіп төндіретін жағдайлар орын алса онда жедел жәрдем 30 минутта келуі тиіс. Ал, науқасты өткір аурулар мазаласа және ол созылмалы болса, бірақ денсаулығына тікелей қауіп төнбесе, бригада шақыртуға 1 сағат ішінде бара алады.
Осы жерде мынаны ескерте кеткен дұрыс, шақыртулардың алғашқы үш санатына жедел медициналық жәрдем стансаларының деңгейінде, ал, төртінші санатына емханаларда тәулік бойы жұмыс жасайтын жедел медициналық қызмет көрсету бөлімшелерінің деңгейінде қызмет көрсетіледі. Яғни, 4 санатқа жататын шақыртулар түнгі уақытта дәрігер шақырғанда таңға дейін күту керек дегенді білдірмейді. Тіркелген науқастарға тәулік бойы жәрдем көрсетіледі. Ең бастысы, емхана үйге жақын маңда болуы  шарт.
Сондай-ақ, жедел жәрдем тезірек келуі үшін барлық мәліметті, тіпті домофонның кодына дейін беруге тырысыңыз. Мүмкіндік болса, әсіресе, қараңғы уақытта біреуді медицина қызметкерлерін күтіп алуға жіберген дұрыс. Жедел жәрдем барғанға дейін науқастың ауруы туралы мәлімет, медициналық картасы, науқастың сырқаты туралы карта, ауру тарихы, электрокардиограмма, жүкті әйелдің ауыспалы картасы дайын тұрса, мамандарға оңай болады. Ал, науқас ауруханаға жатқызылатын болса санитарлық автокөлікте бір адамның ғана бірге баруына рұқсат етіледі. Сонымен қатар, науқасқа жедел жәрдем дәрігері алдағы уақытта емханаға жүгіну жөнінде кеңес береді немесе учаскелік дәрігердің келіп қарауына арналған дабыл парағын толтырады.

басқа жаңалықтар