Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Түркістан облысы

Ұлттық құндылық – ұрпаққа мұра

Ұлттық құндылық – ұрпаққа мұра

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Яғни, мұнда қазаққа керек табиғи болмысты сақтау үшін болашақ ұрпақты туған жерін қадірлеуге, тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, кейінгі ұрпаққа жеткізе алардай саналы болуына баршамызға атсалысуымыз қажеттігі айтылады.

Жалпы, адамзатты өмірге, қоғамдық ортаға, уақытқа ақыл-парасат, білімімен бейімдейтін, ол – ұлттық қасиеттер мен құндылықтар. Өркениет көшінің соңында қалуға болмайды. Көшке ілесіп, қанымызда бар қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

 Елбасының ұлттық код туралы ой өрбітуінде үлкен мән бар. Ұлттық код – ең алдымен тілде, дәстүріміз бен салтымызда, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетімізде екенін ұмытпағанымыз абзал.

Атап айтқанда, ұлттық сана, тарихқа, білім, ұлттық тәрбие, имандылық, тектілік деген қасиеттерге бей-жай қарамауға тиіспіз. Бұлар жеке адамды қоғаммен, бүтін бір ұрпақты ұлттық негізімен біріктіреді. Ұлттық құндылық – ұрпаққа мұра. Мақала аясында болашаққа апаратын нақты жоспарға орай, біз – ұстаздар да өз үлесімізді қосудамыз. Бұл ретте, біздің мектеп мұғалімдерінің жоспарлы жұмыстар атқарып отырғанын айтқан жөн. Бүгінгі күнде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының оқу-тәрбие жұмысындағы рөлі жобасы шеңберінде бірнеше жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Балалардың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру және жаңа идеяларды іздестіру, жасөспірімдердің рухани дамуын қалыптастыру, жас таланттарды қолдау мақсатында іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Басқасын тізбектемегенде, биылғы жаңа оқу жылының өзі «Рухани жаңғыру» тақырыбы аясында басталды: ата-аналармен, білім саласы ардагерлерімен, қоғам және Арыс қаласының Құрметті азаматтарымен кездесулер өткізіліп, пәндердің кіріспе сағаттары да осы тақырыпқа арналды. Ұрпақтар сабақтастығы іспетті осынау ізгі жүйе бізде қазір дәстүрге айналған.
«Менің мектебім – менің мақтанышым!». Өзім ағылшын тілі маманы болсам да, мектепішілік һәм мектепаралық жобаларға атсалысуды парызым деп білемін. Мысалы, жақында ғана жастар жылына орай руханиятты насихаттау және таланттарды тану мақсатында «Өлең – өмірім, әнім – әлемім» атты жас ұстаздар арасында ұйымдастырылған байқауда жүргізуші болдым. Бұл, әрине, бірінші рет емес. Мұндай шаралар мектебімізде жиі өткізіледі.
Әр заманның ұрпаққа қояр өз талабы, өз міндеті бар. Біздің міндет қазақы қалыпты, ұлттық мәдениетті, салт-дәстүр мен ұлттық болмысты әр шәкірттің бойына сіңіру деп білемін.

басқа жаңалықтар