Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Түркістан облысы

Қазақ елінің ұлттық идеясы – мәңгілік ел!

Қазақ елінің ұлттық идеясы – мәңгілік ел!

СӨЗ БАСЫ. Әрбір адам – мейлі ол жазушы болсын, ақын болсын, не әнші болсын, өзінің асқан  сүйіспеншілігімен жазатын не орындайтын шығармасы болады. Мен жазушы да, ақын да, әнші де емеспін. Бірақ, бүгінгі жазылғалы отырған дүние маған үлкен жауапкершілік артады. Мұны мен кітаптан да, ғаламтордан да көшірмедім. Теңіздің жағаға жылы соққан толқынындай жүректен, көңілден шыққан ойлар...

Бұл шығарманың тақырыбы тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек секілді.Ал, тамырын терең тартқан ағаш жапырағының көктеп, мәңгі гүлдеп тұрары анық. Осы орайда, тамырын терең жайған, жапырағы жайқалған ағаш деп отырғаным, ол –  қазақ ұлты, қазақ елі, қазақ халқы. Бұл мен үшін Мәңгі Ел бейнесінде көрініс тапты.

Мәңгілік Ел – бұл қазақ халқының өткен тарихынан бастау алады. Ықылым заманнан келе жатқан тарихтан сыр шертер болсақ, біз қазақ не көрмедік, қанша қиын жағдайларды, ашаршылық, соғыс, елден жыраққа ауып кету, тілімізден айырылу, барлығын бастан кешірдік. Бірақ, осының бірде-біріне мойымастан, бүгінгі күнге  аманшылықпен жетіп отырмыз. Шүкір, міне, осының өзі Мәңгі Ел керегесі.
550 жыл бойына көрген қиындығымызға ешкімді жазғырмай, біреуді кінәламай, қайғы көрсек тереңіне батып кетпей, қуанышқа асып-таспай, бүгінгі күнге аман-есен жеткеніміз біз үшін үлкен бақыт! Терезесі тең, керегесі кең, шаңырағы биік еліміздің тарихы мен мәңгілік елдің іргетасын қалап кеткен Керей мен Жәнібектен бастау алатын Қазақ Елінің Мәңгілік Ел болуы, құрылуы осының айғағы. Менің пайымдауымша, Мәңгілік Ел осы кезеңнен бастау алды.
 Әлемде жерінің кеңдігі жөнінен бірінші ондықта орналасқан қазақ жерін, қазақ елін қорғаған, мәңгілік ел болып қалуы үшін батыр ұлдарымыз жоңғармен бетпе-бет келіп, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, тағы басқа батырларымыз қазақтың ұлтарақтай жерін жауға бермей, қызғыштай қорғап, халық қорғаны бола білді.
Қолдан жасалған ашаршылықтың өзі қаншама қазақты қырғанымен қоймай, бір-біріне жауыз, ашкөз жәндіктей қылып, бірінің етін біріне жегізіп, қазақтың санын кемітіп, бетке тұтар қаймағын сылып алып, жан сауғалатып басқа мемлекеттерге көшіргізіп, шашылған тарыдай бытырап кетуіне себепкер болды емес пе?! Оның біреуін де көрмеген біз қандай бақытты ұрпақ едік!
 ...Ұлы Отан соғысы. Осы соғыста ұлдарымызды айтпағанда, қыздарымыз Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты батыр қыздарымыздың өзі қан майданда ерлікпен шайқасты. Соғыстың сұрапыл жылдарында ұлдарымыз бен қыздарымыздың орны бір бөлек болса, тылда еңбек еткен ауыл адамдары, соның ішінде ет жүрегі езіліп, күрсінген жүректің демімен дамыл таппай, ішінен тынып, балам соғыстан аман қайтса екен деп тілеген, еркектің ауыр қара жұмысын бір өзі атқарған қайран әйел-Аналар-ай!
Сонда да бізді қазақ деп ешкім мойындамады. Ресейдің қол астында болып, ең басты, ең маңызды байлығымыз болған салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды, тілімізді, дінімізді жоғалттық. Жетпіс жыл орысша сайрадық. Бұл жылдарда елдің ел болып, ұлттың ұлт болып қалуы үшін батырларымыз атқа мініп, алаңға шығып, білектің күшімен күрессе, әдебиетте ақын-жазушыларымыз қаламның ұшымен күресе білді.
Бұдан кейінгі жылдарда да Тәуелсіздік үшін болған көтерілісте жеңіске жетіп, 1991 жылы әупірімдеп Қазақ Елі тәуелсіздігіне де қолын жеткізді. Бұл күн біз үшін, бүкіл қазақ халқы үшін ұмытылмас, асқан бір мереке (ақ түйенің қарны жарылған күн) болды, қайсар жастарын жоғалтқан қаралы күн де болды. «Бұлт артынан күн шығады» деп қазақ барлық қайғыны ұмытты да, осы күнге шүкірлігін айтты...
Иә, ендігі күні біздің мәңгілік ел екенімізді бүкіл әлем мойындады. Біз енді тар жол, тайғақ кешулерден өтіп болдық. Ұзағынан сүйіндіргей. Жеріміздің кеңдігіндей көңілі кең дархан қазақ деген халықпыз. Мемлекетіміздің берік іргетасын қалаған, тәуелсіздігімізді алған, тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарай білетін, дербес те тәуелсіз ұлтпыз. Алда да солай бола береді. Асанқайғы армандаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманы қазақтың басына енді туды. Ол –  Тәуелсіздік!
Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Ол арман – Мәңгілік Ел. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел! Оны көзіміздің қарашығындай сақтау мәңгі мұратымыз! 

басқа жаңалықтар